Ақтөбе қаласының тұрғыны ТЖ режимін бұзғаны үшін 5 тәулік қамауға алынды

14 сәуiр 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасында "COVID-19" таралуының алдын алу бойынша төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Ақтөбе станциясындағы Желілік полиция бөлімінің (бұдан әрі-Ақтөбе ст.ЖПБ) қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті сақтау күшейтілді.

Ағымдағы жылдың 31 наурызы күні сағат 13.30-да Ақтөбе ст.ЖПБ қызметкерлерінің бірнеше рет ескертуіне қарамастан төтенше жағдай ережелерін бұзып жол жүру құжатынсыз Ақтөбе теміржол вокзалына кірмекші болған адам ұсталды.

Тексеру кезінде оның жеке басы анықталды, ол 34 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны болып шықты. Ол осыған дейін түрлі құқық бұзушылықтар, соның ішінде бұзақылық және тонау жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Осы факті бойынша полиция қызметкерлерімен құқықбұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 478-бабы бойынша (төтенше жағдай кезінде заңдылық пен тәртіпті бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер) әкімшілік материал жиналды.

Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушыға 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Өз кезегінде, Ақтөбе көлік прокуратурасы азаматтардың уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, төтенше жағдай режимінің ережелерін мүлтіксіз сақтауын сұрайды.

Ақтөбе көлік прокуратурасы