АЗАМАТТАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫНА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

26 қыркүйек 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
АЗАМАТТАРДЫҢ  КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫНА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ - 688221109

Бас көлік прокуратурасының алқа мәжілісінде қылмыстық процестегі  азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылу мәселесі талқыланды.

Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов атап өткендей, қабылданған шараларға қарамастан азаматтар құқықтарының бұзылуы жалғасуда.

Мысалға, соңғы бір жарым жылда көліктегі аймақтық соттарда 16 тұлға ақталды (оның 11-і заң талабына сәйкес қылмыстық қудалау органымен сотқа тікелей жолданған қылмыстық теріс қылықтар ісі бойынша). Оның ішінде 7 қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар сотта айыптауды қолдаудан бас тартқан. Ал, қалған 5 адамға қатысты 4 қылмыстық іс бойынша прокуратура органдарының нұсқауы негізінде қылмыстық істер қысқартылған.

Негізінен бұл қылмыстық істер бойынша қылмыстық қудалау органдарымен дәлелдемелерді бұрмалау, қылмыстық арандату, қылмыстық іс әрекеттерді дұрыс сараламау және тергеу мерзімдерінің бұзылуына жол беру фактілері орын алған.

Бүгінде қылмыстық қудалау органдары тарапынан тиісті көрсеткіш пен «әдемі статистикаға» қол жеткізу мақсатында қылмыстық істерді объективті тергеудің орнына, айыптау бағытында ғана тергейтіні де айтылды.

Бас көлік прокуроры барлық құқық қорғау органдарының басшыларына «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабында көрсетілген талаптарды, оның ішінде бағынысты қызметкерлердің қылмыс жасағаны және азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзумен байланысты жүйелі тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін құқық қорғау органдарының құрылымдық бөлімшелері басшыларын жұмыстан босату туралы талабын бұлжытпай орындауды тапсырды.

Азаматтық Кодекстің 933-бабы 3-бөлігіне сәйкес, анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының лауазымды адамдары келтірген зиянды мемлекет пайдасынан өндірілген жағдайда, уәкілетті орган олардың кінәсі заңды күшіне енген сот шешімімен анықталғанда регрестік түрде шығындар өндіріледі» деп көзделген.

«Жоғарыда аталған заң талаптары сөзсіз орындалуға тиіс, тек сонда ғана лауазымды адамдар қандай да бір процестік шешім қабылдамас бұрын ойланатын болады»- деді Е.Сыбанқұлов.

Алқа мәжілісін қорытындылай отырып, ол қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық процестік Кодексінің 39 және 41 баптарына сәйкес келтірілген зиян үшін ресми кешірім жасау және заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тарту нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу тәртібін түсіндіру мен жазбаша хабарлама жіберуге міндетті екендерін де ескертті.

Бас көлік прокуратурасы

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу