Прокуратура көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы куәліктердің қайта беріле бастауына қол жеткізді

16 тамыз 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас көлік прокуратурасы елге әкелінген апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі жоқ көлік құралдарына қауіпсіздік туралы куәліктер беруден бас тартудың заңдылығына талдау жүргізді.

Талдау сынақ зертханаларының Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығының (бұдан әрі – Орталық) хатына сілтеме жасай отырып, мұндай көлік құралдарына қауіпсіздік туралы куәліктер беруден бас тартқанын көрсетті.

Бұл әрекеттер 244 жеке және заңды тұлғаның көлік құралдарын кедендік ресімдеуіне кедергі келтірген.

Сондай-ақ Орталықтың нұсқауы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген куәліктердің күшін жою жоспарланған, бұл тағы 17 209 автокөлік иелерінің құқықтарын жаппай шектеуге әкеп соқты.

Прокуратура Орталықтың қауіпсіздік туралы куәліктер беруді тоқтата тұру туралы шешім қабылдай отырып, өз өкілеттіктері шеңберінен шыққанын анықтады, себебі «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңда мұндай өкілеттіктер айқындалмаған, осылайша азаматтардың өз мүлкін еркін пайдалануда конституциялық құқықтарын шектеген.

Расында, «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламенті 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына айналымға апат кезінде шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жабдықталған көлік құралдарын шығаруды бұйырады.

Әйтсе де, ел аумағына мұндай құрылғысыз автомобильдерді әкелуге тыйым салынбайды, себебі олар сертификатталған дилерлік орталықтарда орнатылуы мүмкін.

Бас көлік прокуратурасының жазбаша нұсқауы бойынша Ұлттық аккредиттеу орталығы заңсыз хатты кері қайтарып алды. Сынақ зертханалары куәліктер беруін қайта бастады.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу