Темір жол көлігіндегі қауіпсіздік жағдайы туралы

20 қараша 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Павлодар көлік прокуратурасымен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдар мен темір жол көлігі кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізілді.

Жиында, темір жолдарда азаматтардың жарақат алу мәселесі, қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған шаралар туралы сөз көтерілді.

Павлодар көлік аймағында 2018 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде теміржол жолдарында 42 адам қағылып, 6 адам қазаға ұшырады (2 кәмелет жасқа толмағандар), 36 жағдайда қағылудың алды алынды.

Темір жолдарда 153 үй жануарларын қағу жағдайы орын алып, жолаушыларға қауіп-қатер төндірілді, 44 локомотив зақым алды.

Айта кету керек, жеңіл салмақты және жүрдек жолаушылар поездарының ірі жануарларға соқтығуы, олардың апатына әкеліп соғуы мүмкін.

Павлодар көлік прокуроры Рүстем Тоқбергенов поездар қозғалысы аймағындағы бұзушылықтарды анықтау үшін локомотивтерге бейнетіркеушілерді орнату мәселесін қарастыруды, шұғыл тежелу кезінде мемлекеттік органдар мен көлік кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша тұрғындар арасында теміржолдардағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және құқық бұзушыларды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шараларды өткізу туралы шешім қабылданды.

Ауылдық округ әкімдеріне жергілікті учаскелік және ветеринарлық қызметтері мен шаруа қожалықтарымен тиісті жұмыс жіргізіп, ірі қара мал мен басқа да үй жануарларын темір жолдарға бөлінген белдеуде заңсыз жаюға жол бермеуді және олардың иелеріне қатысты әкімшілік сипаттағы шараларды қолдана отырып, арнайы қораларға орналастыру туралы ұсыныс жасалды.

Ведомствоаралық кеңестің шешімі бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға адамдарды қағу фактілерін азайту және темір жол көлігінде шұғыл тежеуге жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Павлодар көлік прокуратурасы

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу