Жамбылда 14 жолаушы тасымалдаушымен шарттар бұзылды

18 ақпан 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жамбыл көлік прокуратурасы жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді.

Соңғы жылдары Жамбыл облысының жолдарында жолаушылар көлігінің қатысуымен ЖКО (2018 ж. – 27, 2019 ж. – 37), оның ішінде қазасымен аяқталғандардың (2018 ж. – 12 қаза болды, 54 зардап шеккендер; 2019 ж. – 18 қаза болды, 109 зардап шеккендер) саны өсуде.

Бұған жекелеген жағдайларда тасымалдаушылар арасындағы тиісті рұқсатсыз, медициналық және техникалық тексеруден өтусіз қызмет көрсетуден, ескірген автобустар мен білікті емес жүргізушілерді қолданудан, сондай-ақ үлгі шартты бұзудан туындаған жүйелі бұзушылықтар ықпал етті.

Атап айтқанда, облыстың 76 бағытының 29-да (немесе 40%) пайдаланылатын автобустар қойылған талаптарға және нормативтік-құқықтық актілерге жауап бермейді.

Нақтыласақ, 105 автокөлік құралдарының тұрақты жолаушылар тасымалына қызмет көрсету құқығының пайдалану мерзімі өтіп кеткен (15 жылдан астам).

«Саяхат-99» ЖШС «Тараз – «Үшқоңыр» автобекеті» маршруты бойынша медициналық және техникалық тексеруден өтпей тасымалдауды жүзеге асырған. 

Бұл ретте аталған тасымалдаушы облыс әкімдігі белгілеген бағыт пен қозғалыс сызбасын бұза отырып, «Сайран» автобекетінен (Алматы қ.) жолаушыларды отырғызуға жол берген.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында өңір әкімдігі 100 адамнан астам тұратын 7 елді мекен бағытына («Қаратау – Қасқабұлақ – Тараз», «Майтөбе – Тараз», «Көшек – Тараз», «Ойық – Тараз», «Амангелді – Тараз», «Аққұм – Тараз», «Қаратау – Тамды – Тараз») тұрақты автобус маршруттары бойынша тендер өткізді.

Нәтижесінде облыс ішіндегі маршруттар бойынша жеңімпаз болып «Dim Dimich Company» ЖШС танылды. Алайда ол осы бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдауды нақты жүзеге асырмаған.

Прокуратураның ұсынуын қарау нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігі 40 тұрақты маршрут бойынша 14 тасымалдаушылармен келісім-шарттарды бұзды, заңдылықты бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдануда.

Жамбыл көлік прокуратурасы