Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде қандай өзгерістер орын алды?

21 қаңтар 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жаңа жыл қарсаңында еліміздің Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру жəне жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, бұл өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енді.     

 

Қылмыстық кодекс бойынша 3-ші бапта «ресми құжат» ұғымына түсіндірме енгізілгендігі жөнінде бастап айтқым келеді. Бұл медициналық құжаттар мен анықтамаларды қолдан жасау мәселесіне қатысты. Бұрын, олар ресми құжаттар қатарына жатпайтындықтан, көптеген мұндай қылмыстық істер тоқтатылған болатын.      

Екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген көлік қылмыстарын жасағаны, сонымен қатар масаң күйде көлік басқарғаны үшін (ҚК-тің 345-1 бабы 4 бөлігі «Екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген көлік құралдарын басқаратын адамдардың көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» (жаңа мәтін)және ҚК-тің 346 бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік құралын басқаруы») негізгі жазадан басқа, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру көзделген.

Деректерге сай, ҚК-тің 346 бабы бойынша соттарға жыл сайын 2,5 мың іс жолданады (2015 ж.-2335, 2016 ж.-2667, 2017ж.-2722, 2018ж.-2737, 2019ж.-2320).    

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын шын өкінуіне байланысты тоқтату тәртібі өзгертілді. Соңғы 5 жылда шын өкінуіне байланысты сотқа дейінгі сатыда 634 іс тоқтатылған (2015 ж..-197, 2016ж.-195, 2017 ж..-96, 2018 ж.  -111, 2019ж. -135). Егер бұрын мұндай шешімді тергеуші қабылдай алатын болса, қазіргі таңда бұл тек соттың ғана құзіретіне кіреді.    

Сонымен қатар, тараптардың татуласу тәртібіне де өзгеріс енгізілді.

Егерде тұлға жәбірленушімен татуласса, бірақ қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаса, қайтадан татуласуға жол берілмейді.    

Статистикаға көз жүгіртсек, 2015 жылдан бері 30 715 тұлға жәбірленушімен татуласуына байланысты бірнеше рет қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Бұдан өзге, аталған Заңмен бірқатар қылмыстар үшін, әсіресе жас балаларға қатысты қылмыстар үшін жауаптылық күшейтілген.

Қабылданған түзетулерге сәйкес, жас балаларға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасағаны үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген. Осындай жаза жас баланы өлтіргені үшін де тағайындалады.    

Зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатынан, татуласу мүмкіндігінсіз ауыр қылмыстар санатына (5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындала отырып) ауыстырылған.

Бұдан басқа, үй-жайларға, қоймаға немесе көлікке заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық, тонау және қарақшылық үшін жауаптылық күшейтілген. Олар да ауыр қылмыстар санатына ауыстырылған.

Заңсыз аңшылық және заңсыз балық аулау қылмыстық теріс қылықтар санатынан ауырлығы орташа қылмыстар санатына ауыстырылған. Олар үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру және (немесе) 10 миллион теңгеге дейін айыппұл көзделген. Және де жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың өміріне қол сұққаны, сондай-ақ  оларға қарсы күш қолданғаны үшін жауаптылық күшейтілген.

Сонымен қатар, есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау (ҚК-тің 299-1 бабы) туралы бап енгізілген, бұл бойынша алты жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұдан өзге, заңсыз айналым (ҚК-тің 297 бабы) және есірткіні тұтынуға көндіргені (ҚК-тің 299 бабы) үшін жауаптылық көзделген баптарға жаңа саралау белгісі енгізілді – «электрондық ресурстарды пайдалану арқылы» және «қоғамдық орында».

Интернет желісі арқылы түнгі клубтар, кафе, саябақтардағы есірткі айналымы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға,  ал осындай тәсілмен кәмелетке толмағандарға сату тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.   

Маңыздысы, жас балаларға қатысты жыныстық күш қолдану деректері бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны, сонымен қатар оларды жасырғаны және олар туралы хабарламағаны үшін жауаптылық күшейтілген.  

 

Қылмыстық-процестік кодекс бойынша, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірмеген қинау жекеше айыптау істер санатынан жекеше-жариялы айыптау істер санатына ауыстырылды (ҚПК-тің 32-бабы). Қылмыстық істі тұлғаның қайтыс болуына байланысты тоқтату үшін оның заңды өкілдерінен басқа, жұбайы немесе жақын туысының, немесе асыраушысының келісімін алу қажет.    

Әртүрлі түсінік берілуін болдырмау мақсатында, қылмыстық істерді тергеу мерзімінің үзілуі, жедел шаралардың немесе жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілуіне кедергі келтірмейтіндігі туралы нақты тікелей қарастырылған.       

Қылмыстық процестегі мәртебесі күдіктінің мәртебесімен бірдей болғандықтан, қорғалуға құқығы бар куәнің құқықтары кеңейтілген (ҚПК-тің 78 бабы).

Тергеу бөлімінің, анықтау органының басшыларына қатысты ведомствалық бақылау күшейтілген, оларға ендігі тұрғыда процеске қатысушылардың шағымдарын қарау барысында прокурорларға қойылатын міндеттер жүктелетін болады. 

Қылмысты жасау қаруы ғана емес, қылмыстың құралы да заттай дәлелдеме және тәркілеу нысанасы ретінде қарастырылған. Бұл норма қаскөйлердің көлігін, катерлерін, сонымен қатар қылмыс жасауға пайдаланған басқа да құралдарды тәркілеуге мүмкіндік береді.

Тұлғаны ұстап алу хаттамасында тергеу органы ұстап алу мерзімін көрсетуге міндетті. Бұл, прокурорарға оларды мұқият бақылауға мүмкіндік береді. 

Күдіктіге кепіл қолдану барысында, оған қылымыстық құқықбұзушылық жасамау туралы қосымша талап қойылады.

Прокурордың ұстап алынған тұлғадан жауап алу құқығы енгізілген. Мұндай өкілеттік бұрын прокурорларда болған және қылмыскердің жеке-басын тану үшін тиімді тәсіл болып табылады.  

Шетел азаматына қатысты күзетпен ұстауды қолдану туралы тергеу органы өзіміздің Сыртқы істер министрлігін де хабарландыруы тиіс. Ал олар өз кезегінде, ары қарай шетел органдарына хабарлайтын болады.

СДТБТ-не тіркеуге соттың жеке қаулысы ғана емес, азаматтық сот өндірісі тәртібінде қабылданған соттың жеке ұйғарымы да негіз болып табылатын болады.

Сонымен қатар, заңның жаңа нормаларына сәйкес, ендігі жерде жасырын тергеу әрекеттері (ары қарай - ЖТӘ) тұлғалардың жеделдетілген тергеу жүргізу құқығына және сотталушылардың жаза мерзімінің жоғарғы шегінің жартысынан аспайтын жаза тағайындалу құқығына кедергі келтірмейді. 

Сотпен санкцияланып заңсыз жүргізілген ЖТЭ тоқтату үшін прокурор тергеу судьясына жүгінетін болады, ал санкцияланбайтын ЖТЭ прокурор жеке өзі тоқтата алады.  

Жүкті немесе асырауында жас балалары бар әйелдерден, жасы 58-де және одан жоғары әйелдерден, жасы 63-те және одан жоғары ер адамдардан жауап алу уақыты қысқартылған (үзіліссіз жауап алу уақыты – 3 сағаттан, ал жалпы ұзақтылығы – 5 сағаттан аспауы тиіс).  

Қорғалуға құқығы бар куәдан жауап алу ерекшеліктері көзделген бөлек бап енгізілді. Яғни, оған арыздың мәні немесе оны көрсеткен куәлердің айғақтары туралы, сонымен қатар оның құқықтары, оның ішінде айғақ беруден бас тарту құқығы туралы түсіндірілетін болады. 

Сақталуы айтарлықтай шығын қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу мерзімі алынып тасталған. Яғни, тергеу органы 6 айды күтпей, оларды бірден өткізе беруге құқылы.

Жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау жасырын тергеу әрекеттері санатынан алынып тасталды.

Прокурормен айыптау актісін беру кезінде, қолхатта айыпталушыға оның құқықтары түсіндірілгендігі туралы көрсетілуі тиіс.     

Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша өндіріс тәртібі өзгертілген. Ендігі жерде хаттама күдіктіден жауап алынған сәттен бастап 10 тәулік ішінде толтырылады.

Егер белгіленген уақытта істі хаттамалық нысанда аяқтауға үлгермеген жағдайда, тергеу органы  анықтау ғана емес, алдын-ала тергеу тағайындауға да құқылы.

Егер саралау қылмыстан қылмыстық теріс қылыққа ауыстырылса, онда іс хаттама толтыру арқылы аяқталады.

Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы келісімді жасау мерзімі енгізілді. Ендігі уақытта прокурор өтініш түскен сәттен бастап 7 тәулік ішінде шешім қабылдауға міндетті болдады.

 

Жоғары көрсетілгендерден басқа қолданыстағы заңнамаға өзге де маңызды түзетулер енгізілген.

 

Ақтөбе көлік прокуроры А. А. Ордабаев